Маңғыстау облысында 2025 жылға дейін 21 мектеп салынады. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Әлеуметтік сала өңір дамуының негізі. 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту - 100%, ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 84,9 пайызды құрады. Соңғы 5 жылда оқушылар саны 36 мыңға артты. 2022-2023 оқу жылына 1 800 орындық 2 мемлекеттік мектеп және 624 орындық 2 қосымша құрылыс пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 4 650 орындық 12 жекеменшік мектеп ашылды. Нәтижесінде 3 ауысымды мектептер саны 18 ден 15-ке азайды», - деді облыс басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар өңір басшысы білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен әрқайсысы 1 200 орындық 4 мектеп құрылысын аяқтауға 14 млрд.теңге қаражат қолдау тапқанын айтады. Оның екеуі Ақтау қаласында, екеуі Мұнайлы ауданында орналасқан.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген болатын. Осы орайда Үкіметпен «жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Ұлттық жоба аясында облыста 2025 жылға дейін 2 ауысымда 44 мың орындық 21 мектеп құрылысын салу жоспарланды. Барлық мектептің жер учаскелері бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, биыл NCOC компаниясы демеушілігімен Бекі ауылында 100 орындық мектептің құрылысы басталды. 2021 жылдан бастап ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары басталып, соңғы екі жылда 43 мектеп жаңғыртылды. 2025 жылға дейін 103 ауыл мектебін жаңғырту көзделуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы оқу жылынан бастап 2-ші және 4-ші сынып оқитын 44 мыңға жуық баланың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Осылайша облыс бойынша тегін тамақпен барлығы 90 мың бала қамтылады», - деді Нұрлан Ноғаев.