Елімізде шомылу маусымы басталмай жатып-ақ екі адам суға кетіп өлді. Астаналық 16 жастағы қыз Есіл өзеніне ағып кетсе, Каспий теңізіне шомылуға барған тағы бір бойжеткеннің денесі су түбінен табылды, деп хабарлайды taulik.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Целиноград ауданында 17:30 шамасында қайғылы оқиға болды. Астанадан Есіл өзеніне түсуге келген қыздардың бірі суға кетті. Сол жерде болған үш адам басқа үш қызды құтқарып үлгерді. Біреуін құтқара алмады", - деді Ақмола облысы ТЖД басқарма бастығы Асхат Ақылжанов.Қайғылы оқиға Талапкер ауылының маңында болған. Жағада демалып жатқан үш азамат өзенде қол ұстасып ойнап жүрген төрт қыздың суға батып бара жатқанын көрген. Дереу көмекке ұмтылғанымен, бір қызды құтқара алмапты. 16 жастағы қызды өзен ағысы алып кеткен. Аптап ыстықта суға шомылуға келген 4 оқушының жанында сынып жетекшісі де болған. Олар соңғы қоңыраудан кейін Есіл өзеніне түсіп бой сергітпек болыпты.