Спорт – ел мерейін өсіріп, абыройын асқақтатын сала. Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Спорт – өміріміздің ажырамас бір бөлігі іспеттес. Осы орайда спортты жанына серік етіп, ел мен жер намысын қорғап жүрген әлемге әйгілі тарландарымыз жетерлік. Елімізде көптеген спортшылар бар екенін жақсы білеміз. Бірақ атағы шықса да, есімі танылмаған спортшылар өте көп. Соның бірі – Сарсенов Дархан Нұрланұлы. Ол бүкіл әлемде кеңінен таралған спорт түрі Армрестлинг, яғни қол күреспен айналысады.
Сарсенов Дархан Нұрланұлы 1996 жылы Жамбыл облысы Тараз қаласы Байзақ ауданы Түймекент ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Б.Момышұлы атындағы №45-мектеп гимназиясында, кейіннен Ы.Сүлейменов атындағы №37-мектепте оқыған. 2012 жылы Жамбыл атындағы Политехникалық колледжіне оқуға түсіп, 2016 жылы бітіріп шыққан. Сонымен қатар ТИГУ жоғарғы оқу орнында дене шынықтыру мамандығында білім алған. 2022 жылы педагогика ғылымдарының магистрі атанған.
Дархан жастайынан спортқа қызығып, бірнеше спорт түрлерін байқап көрген. Соның ішінде қол күресі мен стрит воркоутқа тоқталып, әр түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанып, біршама марапаттарға ие болған. Айтар болсақ:
Қол күресінен Жамбыл облысының екі дүркін чемпионы (2016-2017ж.)
Қол күресінен ҚР чемпионы (2015ж.)
Қол күресінен Азия чемпионы (2015ж.)
Қол күресінен Азия кубогының жүлдегері (2017ж.)
2019 жылы Швецияда өткен Golden Arm турнирінің жеңімпазы.
2020 жылы Литвада өткен Vilnius Cup турнирінің жеңімпазы.
2021 жылы Дубай қаласында өткен Әлем кубогының жеңімпазы.
Қол күресі турнирінен 1-орын.
Пенсильвания штаты, Филадельфия қаласы Стрит лифтингтен 2-орын. Нью-Йорк, Бруклин Кросфит, Нью-Джерсиден 3-орын иегері.
2021 жылы облыстың үздік жаттықтырушысы атанған.
2022 жылы ҚР Президенті жанындағы Dara қоры ұйымдастырған Республикалық турникке тартылу турнирінің жеңімпазы.
Спортты жанына серік еткен Дархан Нұрланұлы 2017-2020 жылдар аралығында №1 олимпиадалық жас жеткіншектерді даярлайтын спорт мектебінде жаттықтырушы, 2017-2022 жылдары Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебінде аға жаттықтырушы, ТарГУ жоғарғы оқу орнында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Халықаралық жарыстарда төреші қызметтерін атқарған. Сондай-ақ спортпен айналыса жүріп шәкірт тәрбиелеп үлгерген Дарханның шәкірттері Әлем, Азия чемпиондары атанған.