«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының бұрынғы орынбасары ұсталды
ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаментімен «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директорының бұрынғы орынбасары Е. Қарамырзаев (қазіргі таңда "Қаражанбасмұнай" АҚ Бас директорының орынбасары) ұсталды.
Ол
«КЕЗБИ» ЖШС-нің және
«Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды
кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау мақсатында өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланған деп күдіктелуде. Қарамырзаев конкурстың жекелеген қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле тұра, оларды тендерге қатыстырған.
Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, ол
«КЕЗБИ» ЖШС-ні компаниясы үшін ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша көрінеу
қолайсыз шарт жасасуға мәжбүр етті. Өзінің заңсыз әрекеттерімен ол
«КЕЗБИ» ЖШС-нің
заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірді және
мыңнан астам қызметкердің құқықтарын бұзды, сондай-ақ мердігер ұйымдардың
еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырды.
ҚР ҚПК 201-бабының негізінде өзге ақпарат жария етілмейді.