Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Іс Алматы гарнизонының әскери сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды Taulik.kz zhasalash.kz-ке сілтеме жасап. Бірақ сотқа журналистерді қатыстырған жоқ. Тіпті Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханды да «рұқсатыңыз жоқ» деп сот залына кіргізбеді. Айдос Мелдеханның айтуынша, біраз уақыт бұрын сотқа шақырту келген. Бірақ бүгін белгісіз себеппен сот залына жібермей отыр. Одан да сорақысы, қаза тапқан Айкөркемнің атына да сотқа қатысу жөнінде шақырту келіпті. Айкөркемнің өліміне қатысты іс сотқа жіберілгені биыл маусымның соңында белгілі болды. Алматы гарнизоны әскери прокурорының орынбасары А.Игембердиевтің қолы қойылған хабарламада «билік өкілетін асыра пайдалану» (451-бөлім, 2-бөлім) бойынша айыпталған А.И.Жұманға ашылған қылмыстық іс Алматы гарнизоны әскери сотына жолданғаны жазылған. Балалар отырған көлікке оқ атқан өзге адамдар бұл істе куәгер ретінде тіркелген. Айта кетейік, Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікті әскерилер атқылаған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қайтыс болды, ал 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.
Loading...