Айтыскер ақын Айшолпан Тлеутай Instagram парақшасында ар-намысын таптаған телеарнаны сотқа беретінін айтты, деп хабарлайды Taulik.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Желіде тараған видеода журналист ақынның "ішемін деп сергелдеңге түскенін" айтады.
"Ақын қыз Айшолпан ішемін деп сергелдеңге түскен. Тәуелділіктен құтылған ару арнамызға берген сұхбатында өзгелерге ескерту жасады. Нәзік жан арықтатын дәрілерді тұтынып, кейін тұтылғанын жайып салды. "Денсаулыққа зияны орасан БАД-тар тәуелділікке әкеп соғып, әрең құтылдым" деген бұрымды бұқараны сақ болуға шақырды" , - дейді журналист видеода.
Айшолпан осы хабардан кейін арнаны сотқа беретінін айтып, жазба жариялаған.
"Еуразия бірінші арнасы, мынау не масқара? "Арықтататын дәрі ішпеймін" деп айтқанымды қалай хабарлап отырсыз? Хайп қуғанның да жөні болады ғой! "Айшолпан ішуді қойды" деп жазғандарыңыз не сұмдық? Қара көз қарындастарыңызға осылай жазуға ұялмайсыздар ма! Деңгейлеріңіз, расымен, өсек пен төсектен аспайды екен. Қатты көңілім қалды сіздерден! Айтарға сөзім жоқ. Ар намысымды таптағандарыңыз үшін сотқа беремін сіздерді!" - деп жазды ол.
Желі қолданушылары ақын қыздың құқығы тапталғанын, заң жүзінде жазалау керек екенін айтқан:
"Сотқа беріңіз, Айшолпан. Рұқсатыңызсыз суретіңізді шыгаруға құқылары жоқ.
Мына телеарнаның басшысын сотқа бер, қызым! Сенің ар намысыңа тиіп отыр. Моральдық айыппұл төлеп, дәл осы диктор жігіт кешірім сұрасын. Қалай қазір айтып отыр солай эфирде кешірім сұрасын!
Айшолпан, беріңіз сотқа. Мынау не сұмдық, ұлтым деп, қазағым деп шырылдаған қызымызды көтермелегеннің орнына.
Тікелей Айшолпанның өзі айтып тұрған жоқ қой, қалай ұялмайды соны жаңалық қып шығаруға.
Өте дұрыс сотқа бер, жаңалықтың да жөні осы екен деп жарсалғандарың қарасай, ұяттан жұрдай арна ғой.
Бұл өмірде ешкімге сенбе, айналаңда қаншама оңбаған адамдар жүреді, тек алға, өзіңе сен, бір Аллаға тапсыр",- деді ақынның оқырмандары.