2023 жылдың алғашқы алты айында Ресей қауіпсіздік күштері 43 адамға мемлекетке опасыздық жасады деген бап бойынша айып тағып отыр, деп хабарлайды Taulik.kz.
БҰҰ сарапшылары биыл Ресейде тыңшылық және мемлекетке опасыздық жасады деген айыптар бойынша қылмыстық істер санының күрт өскенін атап өтті. Өткен жылы мемлекетке опасыздық жасады деген 24 іс қозғалып, 16 адам сотталған болса, 2023 жылдың алғашқы алты айында кем дегенде 43 күдіктіге мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған. Мұндай мәліметтерді БҰҰ-ның Ресейдегі адам құқықтарының жағдайы бойынша арнайы баяндамашысы Мариана Кацарова мен БҰҰ-ның сөз бостандығы жөніндегі арнайы баяндамашысы, Amnesty International ұйымының бұрынғы басшысы Ирен Хан келтіріп отыр.
БҰҰ соңғы уақытта Ресей Қылмыстық кодексінің тыңшылық және мемлекетке опасыздық туралы нормаларын азаматтарды жиі тұтқындау үшін пайдалану жағдайларының көбеюіне алаңдаулы. «Айыптың ауырлығын және мұндай жағдайларда қоғамдық бақылаудың қиындығын ескерсек, бұл қауіпті құрал», - делінген құқық қорғаушылар мәлімдемесінде.
Осы орайда олар тыңшылық жасады деген айыппен Мәскеудегі Лефортово тергеу изоляторында жүз күннен астам отырған америкалық журналист Эван Гершковичтің тағдырын еске алады. ФСБ Гершковичтің әскери-өнеркәсіптік кешен кәсіпорны туралы мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерді жинағанын алға тартады.
АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Трейси Линннің көптеген өтініштеріне қарамастан, әзірге оған тек екі консулдық сапарға рұқсат берілді, деп еске салды БҰҰ. Журналист 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
БҰҰ Гершковичтің қамауға алынуын «17 ай бұрын Украинаға жаппай басып кіруден кейін Ресейдегі пікір мен сөз бостандығының, сондай-ақ тәуелсіз журналистиканың қатаң түрде шектелуінің мысалы» деп атады. Құқық қорғаушылар өз мәлімдемесінде Ресей билігін америкалық журналисті дереу босатуға шақырады.