Нұртас Адамбай Ринат Зайытовтың намаз туралы сөзіне шүйлікті

"Дәлелдесін немесе орнын босатсын" – Нұртас Адамбай

Қазақстандық танымал актер, режиссер Нұртас Адамбай мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың сөзіне қарсы үндеу жариялады, деп хабарлайды Taulik.kz.

Желіде қызу талқыға түскен Зайытовтың мәлімдемесіне Адамбай да өз пікірін білдіріп, депутаттық қызметін лайықты адамға тапсыруын сұрады.

"Біздің еліміздегі алаяқтық әрекеттердің 80% -ын намаз оқитын адамдар жасайтыны туралы сөздеріңізге дәлелдер келтіруді сұраймын. Әйтпесе, мен сізді мылжың деп қабылдаймын. Ал мылжыңдарға парламентте орын жоқ. Аллаға сенушілерге күйе жағатын сөздеріңізге дәлел келтірмесеңіз, депутаттық креслоны босатып, оны лайықты адамға беруіңізді сұраймын. Өз сөздері үшін жауап бере алмайтын адамдар заң шығарушы биліктің атынан сөйлей алмайды", - деді Адамбай.

Жуырда Ринат Зайытов мектептерде балаларға арналған намаз бөлмелерін ашу туралы ойын айтып, Ислам дінін қабылдаған рэп-орындаушының сөзін мысалға келтіріп пікір білдірді.

«Мектептерде намазхана болса, онда буддистердің, христиандардың, яхудилердің өзінің діни құлшылығын жасайтын бөлмелер ашып берейік. Біз зайырлы мемлекетпіз. Біз барлығының құқығын тең сақтауымыз керек.

«Айс Кьюб деген рэп орындаушы «сіз мұсылман дінін қабылдағансыз ба?» деген сұраққа «жоқ» деп жауап беретін. «Неге мойындамайсыз?» десе, «өйткені менің бойымда ұялатын дүние көп» дейтін. «Сондықтан мұсылманмын деп айтуға ұяламын. Ертең басқа мұсылман менің қателігімді қайталамасын» дейтін. Мен сізге факт айтайын. Қазақстанда жасалып жатқан алаяқтықтардың 80 пайызын жасап отырған қауым – намаз оқитындар. Өтірік десе бетіме бассын. Тіпті қарапайым базарға барыңыз, басқа жерге барыңыз «Алла» деп тұрып адам алдап жатыр. Онда жанашыр адамдар осыны түзетсін», – дейді Ринат Зайытов.

Депутат мәлімдемесінен кейін ақпараттық шабуыл мен желіден түрлі хабарлама келіп жатқанын жасырмады. Сондай-ақ ол ешкімнен кешірім сұрамайтынын және халықтың мүддесі үшін қызмет істеп жатқанын айтты.

“Бәріне бірдей бір ғана жауабым бар. Қадірлі ағайын, мен де өздеріңіз сияқты көп пенденің бірімін. Ешкімнен тығылып, ешкімнен қашып жүрген жоқпын. Қандай да бір айтарларыңыз болса, жауабын беруге дайынмын. Бар арманым елімнің дұрыс өмір сүргенін, отанымның гүлденгенін көру ғана. Ешбір топтың алдында тізерлеп кешірім сұрамаймын! Өйткені оған себеп көріп тұрған жоқпын. Әлеуметтік желі шулады екен деп, дірілдейтін қорқақтарың мен емес. Алға қойған нақты мақсатыммен жоспарым бар. Сол жұмыстарды бітіруім керек. Мәжіліс мінберінен халыққа берген антым бар. Берілген мерзім бес жыл. Сол бес жылымды халықтың мүддесін қорғауға арнаймын. Басқасы бір жаратқанның құзырында. Түсінетін шығарсыздар деп ойлаймын”, – деп жазды ол. 

Loading...