"Көлсай" көлдері жағасындағы дәретханалар неге сапасыз" : министрі жауап берді

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев сапаға жауап берді

ашық дереккөзден

“Көлсай” көлі маңындағы демалыс орындарындағы туристерге арналған құны 11,4 млн теңге тұратын стационарлық модульдік дәретханалар жарамсыз. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев осы және өзге де демалыс орындарындағы дәретханалардың сапасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Taulik.kz.

“Көлсай, Қайыңды және Есік көлдеріндегі демалыс орындарындағы құны 45,6 миллион теңге тұратын әжетханалар жарамсыз болып шықты. Мысалы, Кеген ауданы әкімдігі әрқайсысына 11,4 млн теңге төлеп, туристік алаң аумағында орнатқан стационарлық модульдік дәретханалардың іс жүзінде жұмыс істемейтін болып шықты. Оларды тексере келе біреуінде жарық, су жоқ, тағы үшеуі тіптен жабылып қалған. Стационарлық модульдік дәретханаларды былай қойғанда, қарапайым ағаш дәретханалар дұрыс жұмыс жасамайды. Осы кемшіліктерді жойылды ма? Қарапайым дәретхана мәселесін шеше алмай жүрсек, туристік әлеуетті қалай дамытпақпыз?” - баспасөз мәслихатында вице-министр Ержан Еркінбаевқа осындай сауал жолданды.

Вице-министр Ержан Еркінбаев Қазақстанда туристік дәретхана мәселесі әлі де өзекті екенін айтты. Оның айтуынша, үш жыл бұрын 500-ге жуық стационарлық модульдік дәретхананың жетіспейтінін анықтаған. 

“Айта кетейін 2020 жылы Қазақстанда туристік маршут бойынша қанша дәретхана қажеттілігі барын назарға алып, үлкен зерттеу жасадық. Сонда жалпы саны 493 дәретхана болған. Үш жылдың ішінде 200-ден астам дәретханалар салынды. Бірақ оған жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдік жауапты. Дәретханаларды салу, құрастыру біздің құзыретімізге де, функционалдық міндетімізге де кірмейді. Бірақ соған қарамастан біз мониторинг жасап, сондай кейстерді табамыз. Әкімдік белсенділік көрсетіп сол дәреханаларды салады. Кейбіреулері жабылады. Сондай мәселелер бар. Алайда ол проблемаларды министрлік ретінде біз шеше алмаймыз. Бірлесіп шешпесек, дәретхана мәселесі әрқашанда  бола береді”,- деді Ержан Еркінбаев.

Министр орынбасары бизнес инвесторлар туристер үшін жол бойында дәретхана ашса, оларға мемлекеттен қолдау болатынын айтты. Оның айтуынша, кәсіпкерге мемлекет тарапынан ай сайын 83 мың теңге төленеді. Ол дәретхана ішіндегі санитарлық заттармен қамту үшін және оның тазалығына жауап беретін қызметкерге төленетін айлық ретінде қарастырылады. 

 

Loading...