Қазақстан Еуропа одағы мен Хорватияға мұнай экспортын ұлғайтуды көздейді

Екі тарап осы бағытта жұмыс тобын құруға келіскен

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің жазуынша, Қазақстанның Хорватиядағы елшісі Ақылбек Камалдинов Jadranski naftovod (JANAF) компаниясының басшысы Степан Аданичпен кездескен, деп хабарлайды Taulik.kz.



"Қазақстан мұнай экспортының 70%-ы Еуропа одағына жіберілетінін ескере отырып, Еуропа одағы мен Хорватияға өз экспортын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруға және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайын. JANAF басшылығы "Адриа" Хорват мұнай құбыры арқылы Балқан және Шығыс Еуропа елдеріндегі тұтынушыларға қазақстандық мұнай экспортының көлемін кеңейтуге қызығушылық білдірді" дейді Қазақстан СІМ.

Хорватияның JANAF компаниясы Крк аралындағы мұнай терминалы мен Риекадағы мұнай өңдеу зауытын және Хорватия жеріндегі Адрия мұнай құбырын басқарады. Бұл мұнай құбыры жылына 34 миллион тонна мұнай өткізе алады.

Омишаль мұнай терминалынан басталатын Адрия құбыр желісі Хорватияны, Сербия мен Венгрияны, әрі қарайғы тармақтары Словения, Босния мен Герцоговинаны қамтиды.

Loading...