Мәзір
24 қазан, 2023 / taulik / Саясат

Тоқаев жастарға үндеу жасады

Жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет.

Тоқаев жастарға үндеу жасады Тоқаев жастарға үндеу жасады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымыздың отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет екенін айтты, деп хабарлады taulik.kz.

«Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа қоғамдық сананың түбегейлі өзгерісіне ұласуы керек. Мен Түркістанда өткен Құрылтайда сөйлеген сөзімде жаңа қоғамдық этика туралы айттым. Алқалы жиыннан соң Құрылтайдың кейбір мүшелері маған өз ұсыныстарын жолдады. Олар елімізде құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажеттігіне назар аударуда. Шын мәнінде, мұны өте маңызды бастама деп ойлаймын. Оны жан-жақты талқылап, қарастыруымыз керек. Мен бұған дейін Адал азамат ұғымын ұсындым. Осы орайда жастарымызға арнайы Үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, Сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер», - деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болатындығын баса айтты.

«Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Президенттің атап өтуінше, жастар кез келген өзгеріске бейім болады.

«Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз», - деді Мемлекет басшысы.

Апта талқысында: