Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев брифингте мектептерде оқытылатын орыс тіліне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Taulik.kz.
Министр «Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту неге міндеттеледі?» деген сұраққа жауап беріп, тілдің стандартта бекітілгенін мәлімдеді. Айтуынша оқушылар орыс тілін оқуға тиісті.
«Қазақ немесе басқа мектептерде дәл қазіргі күні сабақтар бекітілген мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары негізінде жүргізіледі. Яғни оқу процесін мектеп басшылығы қабылданған нормативтік-құқықтық актілер негізінде ұйымдастырады. Қосымша тілдерді оқыту қашанда болған. Бұл тек ағылшын тілі ғана емес, сонымен бірге француз тілі және басқа да тілдер. Ал егер мектепте нақты бір тіл мұғалімі болса, онда сол тілді оқытып, дамытуға болады. Бұл енді басқа сұрақ», – деді Ғ.Бейсембаев.
Министр оқушылардың таңдауы өзге тілдерді факультатив түрінде оқуға болатынын айтты.
«Жалпы факультатив сабақтарда басқа да тілдер үйретіледі. Мектеп және оқушылар қытай немесе француз тілдерін үйренгісі келсе, бірақ тиісті мұғалім болмаса, оқушылардың қалауын жүзеге асыру мүмкін емес. Ол үшін маман іздеу керек. Ал жағдай бар жерде мектеп пен оқушылардың таңдауы бойынша факультатив түрінде басқа тілдер оқытылады», – деді министр.