Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылында жұмыс талап етіп жүрген сегіз адам Астанаға бара жатқанда Ақтөбе облысы Қандағаш ауданында полиция ұстап, кері қайтарған. Сегіз адам жетібайлық жұмыссыздардың талабын Астанаға жеткізуге жолға шыққан еді. Бұл туралы Азаттыққа Жетібайдағы наразылар хабарлаған.
Наразылардың айтуынша, Астанаға бара жатқан жетібайлықтар Ақтөбеден полиция бақылауымен қайта оралған.
Ақтөбе облысының полиция департаменті ешкімді ұстамағанын, оларды "Маңғыстау полициясы артынан еріп алып кетуі мүмкін" деді. Ал Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарып, қызметкерлер өңірден басқа жаққа шықпайтынын айтты.
Жетібай ауылында ондаған тұрғын 27 қазаннан бері жұмыс тауып беруді талап етіп, наразылыққа шығып тұр. Жұмыс талап етіп тұрған жетібайлықтар билік тарапынан қысым болып жатқанын айтып, ашық сұхбат беруден бас тартты. Олар "билік көктемдегі жұмысқа орналастырамыз деген уәдесін орындамады" дейді.
Тұрғындар биыл наурызда Жетібайға кіреберіс жерде наразылыққа шығып, жұмыс сұрап, аштық жариялаған. Олар жергілікті азаматтарға бөлінетін жұмыс санын ұлғайтуды талап еткен.
Кейін Ақтауда наразылардың үш өкілімен келіссөз өтіп, оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қатысқан. Сол кезде наразылардың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс берілетіні айтылды.
Азаттық Жетібайдағы жұмыссыздық мәселесі бойынша Маңғыстау облысы мен Қарақия ауданы әкімдігіне хабарласты, бірақ жауап ала алмады. Жетібай ауылының әкімі наразылар талабы жөнінде наурыздан бері жұмысқа тұрған адамдар барын айтты.
"Наурыздан бері Жетібайдан "Маңғыстаумұнайгазға" 40-қа жуық адам жұмысқа тұрды. Басқа да мекемелерге жұмысқа орналасып жатыр. Бұл жерде екі жақты қарау керек. Бәрі "Маңғыстаумұнайгазға" кіргісі келеді. Бірақ бұл кісілерге басқа да жерлерде жұмыс табылып жатыр" деген еді Жетібай ауылының әкімі Нұрхат Елбаев.
Қарақия ауданына қарайтын Жетібай кенті облыс орталығы – Ақтау қаласынан 75 шақырым жерде. Жетібайда "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамына қарасты "Жетібай", "Шығыс Жетібай", "Оңтүстік Жетібай" мұнай-газ кәсіпшіліктері бар. Кентте 20 мыңға тарта адам тұрады.
Жетібайдағы жұмыссыздық мәселесі бұған дейін де жиі көтерілген. 2014 жылы тұрғындар өздері комиссия құрып, жұмыссыз адамдардың тізімін жасаған. Бірақ мәселе толық шешілмей келеді.