Екі ай ішінде Ливиядағы Хафтардың бақылауында тұрған аймақтарында Ресейдің әскери нысандарын орналастыру туралы келісімдер жасалу үстінде. Шығыс Ливияда жақын аралықта Ресейдің теңіз әскери базасы пайда болуы ықтимал.
Ресей Ливияда әскери база ашпақ, екі ел басшылары осы жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр деп хабарлады Bloomberg агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп.
Агенттіктің мәліметінше, келісімшарттың жобасы қыркүйектің аяғында әзірлене бастаған. Соның алдында ғана Ливия ұлттық әскерінің бас қолбасшысы Халифа Хафтар Мәскеуге сапарлап, Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлескен.
Келісімшарт аясында Ресей Жерорта теңізі жағасында әскери кемелерін тұрақты ұстау құқығына ие болып, бірнеше әуе базасын өз қарамағына алады. Мұның өтемі ретінде Ресей Ливияға әуеден қорғану жүйелерін береді, ресейлік инструкторлар ливиялық пилоттар мен арнайы жасақтарды жаттықтырады.
Bloomberg хабарынан кейін АҚШ-тың бұрынғы арнайы уәкілі Джонатан Уайнер Ақ үй бұған алаңдап отыр деп мәлімдеді.
"Егер Ресейге Жерорта теңізінен порттар бұйырса, бұл оған бүкіл Еуроодақты аңдуға мүмкіндік береді",- деді Уайнер.