Қытай билігі босануға дейінгі және босанғаннан кейінгі қолдауға арналған бірқатар шараларды қамтитын, сондай-ақ халық санының теңгерімді және ұзақ мерзімді өсуіне ықпал етуге бағытталған «Бала тууды белсенді түрде қолдау шараларын одан әрі жетілдіру және іске асыру жөніндегі нұсқаулық» деп аталатын құжатты жариялады, деп хабарлайды Taulik.kz сайты ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитет басқа 16 органмен бірлесіп жариялаған осы құжатқа сәйкес, бұл шараларға ана мен бала күтімі бойынша қызметтердің сапасын жақсарту, декреттік демалыс саясатын жақсарту, тұрғын үй және салық жеңілдіктері, сондай-ақ жұмыс орындарында бала тууға қолайлы жағдай жасауға жәрдемдесу шаралары кіреді.
Сондай-ақ Қытайдың ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы түсік жасатуға ішінара тыйым салынғанын жария етті. Қытай билігінің мәліметінше, 2015-2019 жылдар аралығында елде жыл сайын орта есеппен 9,5 млн түсік жасалған. Денсаулық сақтау саласы шенеуніктерінің ұсынысы бойынша, енді жүктілікті тек медициналық себептермен ғана тоқтатуға болады. Сондай-ақ алдағы уақытта аналарға әлеуметтік көмек көрсету аясы кеңейіп, бедеулікті емдеу де қолжетімді болмақ.
Қытайда туу көрсеткіші биыл бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін төмендейді деген болжам бар: елде дүниеге келетін бала саны 10 миллионнан аз болуы мүмкін.
БҰҰ болжамы бойынша, 2023 жылы Үндістан Қытайды басып озып, әлемдегі халық саны ең көп елге айналады.