Мәзір
30 қараша, 2023 / taulik / Сұхбат

Антқа адал әскери әулет

Антқа адал әскери әулет - сұхбат

Антқа адал әскери әулет Антқа адал әскери әулет

Дана халқымызда «Бала тәрбиесі - бесіктен» деген сөз бекерге айтылмаған. Кең ұғымы, терең мағынасы бар осыбір сөз айналамыздан өнегелі отбасын, үлгілі жандарды көргенде еріксіз ойға оралады. Бүгін сондай отбасының бірі туралы баяндамақпыз.

Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі

Өзіміз көріп, біліп жүргендей ортамызда белгілі бір кәсіпті әулетімен жалғастырып меңгеріп жүрген жанұялар бар. Әрине аталған әулет тарихына үңілсек, жанұяның бір мүшесі белгілі бір кәсіпті меңгеретін тұлға болса, тиісінше оның ізін балалары жалғастырып жатады. Мұның барлығы бара-бара тектілікке айналады.

Бүгін оқырман қауымға баяндағалы отырған кейіпкер Неуступкин Дмитрий Сергеевич. Ол 1992 жылдың 18 тамызында Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында әскерилердің жанұясында дүниеге келген. Нақтырақ айтсақ, Дмитрий Сергеевичтің әкесі, атасы, әжесі де әскери салады қызмет еткен азаматтар. Әулеттің еңбек жолын бүгінгі күні балалары мен немерелі жалғастыруда.

Өзіңіздің әскери әулетіңіз жайлы баяндай отырсаңыз?

- Әулетімізде ата-әжем, әкем, анамның бауырлары әскери қызметшілер. Жеке-жеке тоқтала кетсек, әкем Неуступкин Сергей Владимирович 1974 жылы 24 мамырда Өзбекстанның Ташкент қаласында дүниеге келген. Анам Неуступкина Татьяна Анатольевна 1973 жылы 13 ақпанда Өскемен қаласында туған. Туған қарындасым Неуступкина Екатерина Сергеевна 2000 жылы 3 қарашада Шығыс өңірінің Өскемен қаласында дүниеге келген.

Әкем 1993 жылдары ҚР ҚК 07792 әскери бөлімінің әскери оркестрінде мерзімді әскери қызмет өткерген. 1994 жылдың мамыр айында отбасылық жағдайларға байланысты 6638 әскери бөліміне ауыстырылады. Сол әскери бөлімде келісімшарт бойынша әскери қызмет етуге қалады. Кейін 5518 әскери бөліміне ауыстырылып, 2021 жылдың маусым айына дейін қызмет етеді. 2021 жылы зейнет жасында запасқа шығарылды. Атам Неуступкин Анатолий Михайлович 1970-1985 жылдар аралығында ҮМЗ-де №8 өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен. Әжем Неуступкина Надежда Петровна 1973-1989 жылдар аралығында ҮМЗ-де №8 өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен. Тағы бір айта кетсем, анамның бауыры әскери қызметте. Яғни, әкем жағынан да, анам жағынан да әскери қызметшілер қатары бар. Жанұяда екі баламыз.

Әскери қызметті таңдауға жанұяңыз бірден бір себепкер екені анық...

- Әрине дұрыс айтасыз. Кішкентайымнан жақындарым, туғандарым әскери киім киіп жүретін. Әсіресе әкеме қарап, қызығатынмын. Әр отбасында және әр баланың өмірінде әкенің ізі елеулі, орны дара. Мен әкемді әрдайым мақтан тұтамын. Сол кездер, балалық шағым әлі есімде. Ол кісінің әскери киіммен жүргенін көріп, армандайтынмын. Менің де әскери киім киіп, әскери жұмыс істегім келетін.

Көріп тұрғандарыңыздай армандар орындалады. Адам баласы тек еңбектену керек. Тек арманға жететін мақсаттар болса болғаны.

Ал сол арманға қалай жеткенім жайлы қысқаша баяндай кетсем, мен 1999 жылы Өскемен қаласындағы №9 мектепке 1-сыныпқа бардым. Мектепті тәмамдағаннан кейін сол кездегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Оқу ордасын 2014 жылы «Психология» мамандығы бойынша тәмамдадым. 2016 жылы әскер қатарына шақырту алдым. Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметті өткеріп келіп, 2017 жылы 3477 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаруға шешім қабылдадым. Сол жылдардан бері 3477 әскери бөлімінде әртүрлі лауазымда қызмет атқарып келемін. Бүгінгі күні 3477 әскери бөлімінің басқармасында жауынгерлік даярлық жөніндегі аға маман болып қызмет атқарудамын.

Болашақта балаларыңыздың әскери қызметте еңбек етуіне қандай көзқарастасыз?

- Қарсы емеспін. Тек қуанамын. Менің әйелім Неуступкина Яна Валерьевна білім саласында қызмет етеді. Әйелім жұмысыма түсіністікпен қарайды. Әрдайым бір бірімізді қолдап отырамыз.

Болашақта балаларымызды елге қызмет ететін, өз елінің патриоты болатындай етіп тәрбиелеу азаматтық парызымыз деп білемін. Істеген ісімізбен, көрсеткен өнегемізбен болашақ ұрпағымызға тәрбие бере алсақ, бала алдында әкелік парызымыз өтелгені шығар. Әр әке өз баласының - батыры болуы керек.

 

Аяулым Кенесова,

3477 әскери бөлімінің бөлініс бастығы

Апта талқысында: