Астана әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында үш жаңа мектептің ашылғаны туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Үшінші тоқсаннан бастап елордада тағы үш мектеп ашамыз. Бұл Тұран даңғылы мен №24 көшесі бойындағы 2400 оқушыға арналған (2 ауысымда), №5 мектеп аумағындағы 1200 орындық жаңа ғимарат (2 ауысымда), Зерде дарынды балаларға арналған Тұран даңғылы ауданындағы мектеп. (Барыс аренасының артқы жағында).
Осылайша, оқу жылының басынан бастап 11 мектеп салынды. Ағымдағы оқу жылының соңына дейін тағы 4 мектеп ашамыз. Бүгінгі қаланы аралау барысында олардың құрылысымен таныстым. Оқу орындарын сапалы және мерзімінде салуды тапсырдым.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асырамыз. Жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында 90 мыңға жуық оқушы орнына арналған (2 ауысымда) жаңа форматтағы 24 мектеп саламыз. Мысалы, олардың 15-і Есіл мен Нұраның қарқынды дамып келе жатқан аудандарында орналасатын болады.
2027-2028 жылдарға дейін 200 мыңға жуық оқушы орнына арналған (2 ауысымда) 80 - нен астам мектеп салуды жоспарлап отырмыз", - деді елорда әкімі.