Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында жалғызбасты әйелдің үйінде ит асырауы көршілерінің өмірін қиындатып отыр. Оның пәтерінде кем дегенде 10 ит бар екені анықталған. Бұл туралы Taulik.kz ақпараттық агенттігі Halyqstan телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Көршілердің айтуынша, әйел иттерін серуенге шығармайды, оларды қоқыс жәшіктерінен алынған қалдықтармен тамақтандырады. «Пәтерден шыққан жағымсыз иіс бүкіл үйді алып кетті. Иттердің үруі көрші үйлерге дейін естіліп, адамдардың ұйқысын бұзады. Иттер өзара төбелесіп, кейде бір-бірін өлтіреді. Подъезде антисанитария салдарынан аммиак пен күкіртсутек иісі байқалады, ал үйде шыбын, құрт және бүргелер пайда болды», – деп шағымданады тұрғындар.
Олар үй иесінің қоқыс жәшіктерінен түрлі заттарды жинап, пәтерде сақтайтынын, ал көршілердің наразылығына агрессивті жауап қайтаратынын айтты.
Көршілер иттердің алынып, пәтер мен подъезге санитарлық тазалау жүргізілуін талап етеді. Сонымен қатар, ит асыраушы әйелге медициналық және психиатриялық көмек көрсетілуін сұрайды.
Хромтау ауданы әкімдігі бұл мәселені шешуде өздерінің қауқарсыз екенін мойындайды.
«Құқық қорғау органдары санитарлық және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салды. Алайда, азаматша айыппұлмен келіспей, іс сотта қаралуда. Қолданыстағы ветеринария заңнамасына сәйкес, бұл мәселелер бойынша тексеру, иттерді ұстау немесе айыппұл салуға негіз жоқ. Түсіндіру жұмыстары және полиция мен басқа да құзырлы органдардың шаралары жалғасуда», – делінген Хромтау ауданы әкімдігінің хабарламасында.