logo
search
menu

ШҚО-да екі қыз жоғалып кетті

Өскеменде бірнеше аптадан бері екі жоғалған қызды іздеу жұмыстары жалғасуда. 18 жастағы Анэль Ерік 18 күн бұрын жоғалып кеткен болса, 24 жастағы Айпара Тұлакбайды іздеу бір айдан бері жалғасуда, деп хабарлайды Taulik.kz тілшісі.

12 желтоқсан, 2024
ШҚО-да екі қыз жоғалып кетті
Анель Ерік, Айпара Тұлақбай.

Мазмұны

    Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті екі қыздың жоғалғаны туралы ақпаратты растады. Таратылған мәлімет бойынша, Анель Ерік 2005 жылдың 31 желтоқсанында дүниеге келген. Ол 12 қараша күні таңертең үйінен шығып кеткен. Оны соңғы рет "Металлург" саябағының маңынан көрген, содан кейін байланысқа шықпаған. Қыз отбасы мүшелерімен байланыс ұстамайды. Жоғалған кезде ол жасыл түсті күртеше, қара етік, шалбар және футболка киген.

    Екінші қыз – Айпара Тұлақбай, 2000 жылдың 17 шілдесінде туған. Ол 25 қарашада жоғалып кеткен. 29 қараша күні Айпараға ұқсас қызды көрген адамдар болған.

    Жоғалған қыздарды іздеу жұмыстарына lider.kz волонтерлер қозғалысы белсенді қатысуда. Шығыс Қазақстан облысындағы волонтерлік топтың жетекшісі Олеся Клинкованың айтуынша, іздеу жұмыстары ауруханалар мен мәйітханаларды тексеру, туыстары мен достарын сұрастыру және әлеуметтік желілерді талдау секілді жүйеленген әдістер арқылы жүргізілуде.

    "Біз екі қыздың да үйден өз еркімен кеткенін білеміз. Олардың кету себептері анықталды, бірақ бұл ақпарат құпия болып саналады. Біз бақылау камераларының жазбаларын да тексердік, бірақ Өскемендегі кейбір камералар жаңартылып жатқандықтан, жұмыс істемейді. Дегенмен, Айпараға ұқсас қызды көрген адамдардың бар екені бізге үміт береді", – деді Олеся Клинкова.

    Сондай-ақ, волонтерлердің айтуынша, іздеу жұмыстарына жоғалған қыздардың туыстары да белсенді атсалысуда. Мысалы, Айпараның немере ағасы Семейден Өскеменге келіп, арыз беру мен іздеу жұмыстарын жеделдетуге көмектескен. Ол барлық мүмкін байланыстарды ұсынған және қыз әлеуметтік желілерде белсенді болуы мүмкін деген мәліметтерді талдауға көмектескен.

    user

    Асемай Талғатқызы

    Асемай Талғатқызы