Жиынға қатысушылардың айтуынша, бұрынғы уақыт белдеуі табиғи уақытқа сәйкес келмегендіктен, Қостанай облысының тұрғындары бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы мәселені бірнеше рет көтерген. Сондықтан, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу күнделікті тұрмыстық процестерді жеңілдеткен. Осыған байланысты кездесу қатысушылары бірыңғай уақыт белдеуін қолдайтындықтарын білдірді.
Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғындармен әңгімелесу барысында табиғи уақыттың азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсері ғылыми түрде дәлелденгенін атап өтті. Ол 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы циркадтық ритмдерді зерттегені үшін Нобель сыйлығына ие болғанын еске салды. Бұл зерттеу адамның табиғи уақытқа сәйкес өмір сүруі денсаулығы үшін пайдалы екенін растады. Осы ғылыми жұмыс пен басқа да зерттеулер негізінде 2022 жылы 80-нен астам елдің ғалымдары мен мемлекеттік қайраткерлері қол қойған Барселона декларациясы қабылданған.
Үкімет басшысы Қостанай облысының тұрғындарына және барлық қазақстандықтарға осы маңызды шешімге түсіністікпен қарап, қолдау білдіргендері үшін алғыс айтты.
"Бұл шешім өте терең ғылыми зерттеулердің негізінде қабылданды. 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы циркадтық ритмдерді зерттегені үшін Нобель сыйлығын алды. Ғалымдар адамның табиғи уақытқа сәйкес өмір сүргені денсаулығы үшін жақсы екенін дәлелдеді. Сондықтан әлемнің озық елдері табиғи уақыт белдеуіне көшуге ұмтылуда. Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі – қазіргі қолданылып отырған UTC+5. Бұрын біз басқа – UTC+6 белдеуінде болған едік. Сол кезде ел директивалық түрде табиғи емес уақытқа көшірілген еді. Қазіргі таңда біз уақытты күн цикліне сәйкестендірдік. Түсінемін, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу кейбір адамдарға қолайсыздық тудыруы мүмкін. Адам ағзасы бірте-бірте бейімделеді. Егер өңірлерде қолайсыздықтар болса, инфрақұрылыммен, жарықтандырумен және еңбек заңнамасы ұсынатын икемді жұмыс кестесін ұйымдастырумен жұмыс істеу қажет. Біз бұл мәселелерді әрі қарай шешеміз", – деп атап өтті премьер-министр.