Видеодан бір топ оқушының мектеп күзетшісін қоршап алып, оған шырақ жағылған торт пен басқа да сыйлықтар табыстағанын көруге болады. Бұл ерекше құттықтау қысқа уақыт ішінде 3 миллионнан астам қаралым мен 700 мыңнан астам лайк жинаған.
Күзетші балаларға ризашылығын білдіріп, көз жасына ерік берді:
"Сіздерді жақсы көремін! Менің отбасым өздерің. Рақмет!" – деді ол.
Көпшілік бұл видеоны көріп, күзетшінің мейірімді әрі шынайы адам екенін атап өтті.
"Оның жақсы адам екені көрініп тұр. Әйтпесе оқушылар оны құттықтамас еді," – деп жазды бір қолданушы.
"Ол сыйлыққа емес, шынайы көңілге қуанып тұр. Мұндай ақжарқын, жүрегі ашық адамдардың барына қуанамын," – деді тағы біреуі.
Видео авторларының айтуынша, мектеп күзетшісінің есімі – Абдулла. Ол осы білім ордасында үш жылдан бері қызмет атқарып келеді. Оқушылардың айтуынша, күзетші күн сайын айналасына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, барлық оқушылар мен ата-аналарды есімдерімен таниды.
"Біздің күзетші өте мейірімді. Ол үнемі күлімсіреп жүреді, әр оқушыға ерекше көңіл бөледі," – дейді оқушылар.
Мектеп оқушылары бұл шараны алдын ала ұйымдастырып, мессенджерде арнайы чат ашқан. Бастапқыда 20 адам қосылса, кейін чаттағы қатысушылар саны 200-ге жеткен.
"Ақша жинап, оған торт пен сыйлыққа сертификат сатып алдық. Үзіліс кезінде құттықтауды жоспарлап, бәріміз бірге тосын сый жасадық," – деді ұйымдастырушы оқушылар.
Оқушылардың айтуынша, күзетшінің ұлы жақында қайтыс болыпты. Бұл қайғылы жағдайды естіген мектеп оқушылары оған қолдау ретінде бір күнде 200 мың теңге жинап, жерлеу рәсіміне көмек көрсеткен.
"Ол кісінің жүзіндегі қуанышты көру – біз үшін үлкен бақыт. Оның өмірге деген шынайы махаббаты бізге үлгі," – деп бөлісті оқушылар.
Бұл оқиға мейірімділік пен адамгершіліктің әлі де бар екенін еске салып, көпшіліктің жүрегіне жылу сыйлады.