Әншінің айтуынша, жары екі баласын ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) арқылы дүниеге әкелген.
Өнер иесінің қазіргі таңда үш баласы бар. Тұңғышы Нұртуған, ал 21 жыл өткен соң, Айсезім есімді қызы өмірге келгенде әнші 43 жаста болған. Кенже ұлы Айсұлтан дүниеге келгенде Өмірқұл Айниязов 45 жаста еді, әрі екі күннен кейін 46 жасқа толғанын айтты. Әншінің айтуынша, осы жасында оның келіні де немере сыйлап, отбасына үлкен қуаныш әкелген.
"Бала – әрбір жан үшін үлкен бақыт пен қуаныш. Біз бұл бақты 21 жыл күттік. Бұл сынақ жоғарыдан келген шығар деп ойлаймын. Сол жылдары біз көп қиындық көрдік: ем қабылдадық, оталар жасаттық, күйзелістен өттік. Бірақ әйелім екеуміз барлығына төзіп, әуелі Алланың, содан кейін дәрігерлердің көмегімен балалы болу бақытына ие болдық. Қызым Айсезім дүниеге келгенде шексіз қуанышқа бөлендім. Сол кезде тек осы қызымның өзі өміріме жеткілікті деп ойладым. Бірақ Алланың қалауы басқаша екен – артынан Айсұлтанды сыйлады. Бұл біз үшін екі есе қуаныш болды. Соңғы үш жылда өмірім балаларыммен толықты. Артынша немере келіп, үш жылда үш сәби шаңырағымызға шаттық сыйлады," – деді әнші.
Өнер иесі екі перзенті де ЭКҰ арқылы дүниеге келгенін жасырмай айтты.
"Қызым Айсезім ЭКҰ арқылы дүниеге келді, және бұл біз үшін оңай жол болмады. Көпшілік бұл процедураны бірден нәтиже береді деп ойлайды, бірақ оның да өз қиындықтары бар. Біз бұл үшін 5-6 жылдай уақыт жұмсадық. Түрлі сынақтардан өттік, оталар жасалды. Әйелім екі баламызды да ЭКҰ арқылы көтерді. Осы мүмкіндікті сыйлаған дәрігерлерге шексіз алғыс айтамыз," – деді Өмірқұл Айниязов.