29 жастағы фитнес жаттықтырушы қыздың өз-өзіне қол жұмсауына себеп болған жағдай қоғамның назарын аудартты. Бұл оқиғаға қатысты сот үкімі шыққанымен, марқұмның отбасы мен прокуратура шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.
Оқиғаның мән-жайы
НеМолчиKZ қорының Instagram парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, 29 жастағы қыз жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан кезде бес ер адам оны көлікке күштеп отырғызып, ұрып-соғып, есірткі қолдануға мәжбүрлеген. Олар қызға зорлық-зомбылық көрсетіп, таңға дейін қинаған. Сонымен қатар, оның атына 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеткен.
Бұл оқиға қыздың психологиялық жағдайына қатты әсер етіп, ол үш күннен кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Қыздың інісі болған оқиғаны әпкесінің құрбысы арқылы білгенін айтып отыр.
Сот үкімі және шағымдар
Бұл іс бойынша сот 2024 жылдың 19 желтоқсанында шешім шығарды. Прокурор басты фигурантқа өмір бойына, ал оның төрт сыбайласына 15-16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Алайда, сот негізгі күдіктіні 20 жылға, ал қалған төртеуін 7-8,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Марқұмның отбасы мен прокуратура бұл шешіммен келіспей, апелляцияға шағымданды. Маңғыстау облысы прокуратурасы сот үкіміне қатысты апелляциялық өтінішхат енгізгенін мәлімдеді.