Бұл туралы Мәжіліс отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz.
Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қарастырды. Заң жобасы үш кодекс пен бес заңға түзетулер енгізуді көздейді. Бұл өзгерістер негізінен жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруға бағытталған.
Ұлан Сарқұловтың айтуынша, жария тізілім жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық ықпалды арттыру үшін профилактикалық құрал ретінде қарастырылады. Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдар туралы ақпарат орналастырылатын болады.
Тізілімге енгізудің негізгі талаптары:
- Соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі болуы.
- Ақтау үкімінің қабылдануы немесе соттылық мерзімінің өтуі негізінде тізілімнен шығару мүмкіндігі.
Тізілімді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми сайтында жариялау жоспарлануда.
Жария тізілімде келесідей мәліметтер қамтылуы мүмкін:
- Сотталған адамның аты-жөні.
- Қылмыс жасалған кездегі жұмыс орны мен лауазымы.
- Сыбайлас жемқорлық қылмысының құрамы.
- Айыптау үкімі туралы деректер.
- Тағайындалған жаза түрі.