Әлемге әйгілі телефон өндірушісі Nokia өз брендіндегі смартфондар өндірісін тоқтатты. Бұл ақпарат HMD Global компаниясының ресми сайтынан Nokia смартфондары мен планшеттерінің алынып тасталуымен расталды.
Енді сайтта тек HMD брендімен шыққан құрылғылар ғана қалды, олардың арасында жаңа Key және Arc үлгілері бар. Бұл HMD Global компаниясының енді өз брендіне басымдық бермек екенін көрсетеді.
HMD компаниясы смартфондар нарығына қайта оралуға талпынғанымен, Apple және Samsung сияқты ірі бәсекелестермен жарысу қиынға соқты. Соңғы бірнеше жылда жаңа үлгілер немесе инновациялар туралы үлкен хабарландырулар болмады, бұл Nokia смартфондары дәуірінің аяқталғанын білдіруі мүмкін.
Алайда, Nokia технология саласынан толықтай кетіп жатқан жоқ. Компания жаңа жобалармен, оның ішінде ғарыштағы ұялы желі орнатумен айналысуда. Смартфондар өндірісі тоқтағанымен, батырмалы телефондар сатылымда қалады. Корпорацияның сайтында батырмалы телефондардың қырыққа жуық моделі қолжетімді.
Осылайша, Nokia смартфондар өндірісін тоқтатып, басқа технологиялық бағыттарда жұмысын жалғастыруда.
Айта кетейік, 2014 жылы Microsoft компаниясы Nokia смартфондарының бөлімін сатып алып, брендті қайта жаңғыртуды көздеген. Бірақ бұл идея сәтті жүзеге аспады. Ал 2016 жылы HMD компаниясы Nokia смартфондарын өндіру құқығын иеленген болатын.
Айжан ЖАРАСБЕКОВА,
"Тұран" университеті
Журналистика факультетінің 4 курс студенті.