Қазақстанда картоп бағасының шарықтауына қатысты Сауда және индустрия министрлігіне қарасты Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев түсініктеме берді. Үкімет отырысында журналистердің сұрақтарына жауап берген спикер картоптың қымбаттауына экспорт көлемінің артуы негізгі себеп екенін айтты, деп хабарлайды Taulik.kz.
Экспорт көлемінің артуы бағаға әсер етті
Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда картоп экспорты 1,5 есе артқан. Осыған қарамастан, елде картоп қоры жеткілікті мөлшерде сақталған. Оның мәліметінше, Қазақстанда шамамен 62 мың тонна картоп бар, ал оның орташа бағасы – 130 теңге.
"Қазіргі таңда картоп өңірлердегі тұрақтандыру қорларында әлеуметтік дүкендер арқылы сатылып жатыр", – деді ол.
Ресми орташа баға – 322 теңге
Жәутікбаев картоптың түпкілікті бағасына логистика мен сауда үстеме бағасының қосылатынын атап өтті. Нәтижесінде, қазір республика бойынша картоп орташа есеппен 320-322 теңге шамасында сатылуда.
"Дегенмен, кейбір жерлерде картоптың белгілі бір сұрыптары 500 теңгеге дейін жетіп отырғанын да көріп отырмыз. Бұл, негізінен, мейрамханалар сатып алатын арнайы картоп түрлері", – деді спикер.
Баға одан әрі өсе ме?
Журналистер тарапынан картоп бағасының 500 теңгеге жету ықтималдығы туралы сұрақ қойылды. Бұл ретте Сауда министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, биыл мол өнім жиналды. Экспорт көлемінің артуы белгілі бір уақытша әсер етті, бірақ біз қазіргі таңда бағаны тұрақтандыру үшін жұмыс атқарудамыз", – деп түсіндірді Жәутікбаев.