Қазақстан Үкіметі баспасөз қызметінің мәліметінше, Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша жұмысшы мамандықтары бойынша мамандардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Отбасы банк» жаңа «Наурыз жұмыскер» бағдарламасын іске қосады.
Бұл бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларында қызмет ететін мамандарды қамтиды. 2024 жылы «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандық иелеріне 72 млрд теңге сомасына 2 440 несие беру жоспарланып отыр.
Бағдарламаға өтінімдер қабылдау жақын арада басталады. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бұрыннан белгілі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының құрамдас бөлігі болады. Бағдарлама шарттарына сәйкес, әлеуметтік осал топтарға несие 7% мөлшерлемемен (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) беріледі, ал қалған азаматтар үшін мөлшерлеме 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) болады.
Бастапқы жарна көлемі:
- таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін – 10%-дан;
- қарапайым әрлеудегі бастапқы және қайталама тұрғын үйді сатып алу үшін – 20%-дан басталады.
Максималды несие сомасы:
- өңірлер үшін – 30 млн теңге;
- Астана және Алматы қалалары үшін – 36 млн теңге.
Сонымен қатар, «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар, «Отбасы банк» кәсіпорындармен бірлесіп, қызметкерлерін несиелендіру үшін қаражат бөлуді қарастыратын «Корпоративтік» өнімін жүзеге асырады.
«2025 жыл Президенттің шешімімен жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды. Шахтерлер, металлургтер, тас қалаушылар, электромонтерлер, құюшылар күрделі жұмыстар атқарады. Олардың еңбегі қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз етеді. Көптеген мамандар ауыр жағдайларда жұмыс істейді. Олардың тұрғын үй мәселесін шешу – еңбек жағдайларын өтеудің бір жолы», – деді «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Айта кетейік, жыл басында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің бірқатар министрліктеріне жаңа ипотекалық бағдарламаларды әзірлеу туралы тапсырма берген болатын.
Томирис ҚУАНЫШЕВА,
"Тұран" университеті
Журналистика факультетінің 4 курс студенті.