«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 25 қаңтардан бастап №¾ «Астана-Алматы» пойызында интернет желісі іске қосылатын болады, деп хабарлайды Taulik.kz.
Аталған қанатқақты жоба жолаушыларға сапар барысында WhatsApp, YouTube сияқты қосымшаларды еркін пайдалануға және бейнемазмұндарды көруге мүмкіндік береді. Алайда, торренттер мен файлдарды жүктеу сайттарына қолжетімділік шектеледі. Жобаның техникалық қолдауын Қазақстандағы OneWeb-тің ресми серіктесі Jusan Mobile жүзеге асырады.
Сонымен қатар, жоба аясында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және пойыз бригадасының жұмысын оңтайландыру мақсатында бірнеше заманауи технологиялар енгізілмек. Атап айтқанда:
- Жолсеріктерге билеттерді жылдам әрі ыңғайлы тексеруге мүмкіндік беретін мобильді құрылғылар;
- Вагон-мейрамханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жасауға арналған POS-терминалдар;
- Пойыз басшыларына қызметтің ашықтығын қамтамасыз ететін бейнетіркеуіштер;
- Вагондардағы қауіпсіздікті арттыру үшін бейнебақылау жүйелері.
Томирис ҚУАНЫШЕВА,
"Тұран" университеті
Журналистика факультетінің 4 курс студенті.