logo
search
menu

Оңтүстік Корея президентіне бүлік жасағаны үшін ресми айып тағылды

Оңтүстік Корея президентіне бүлік жасады деген ресми айып тағылды

Бүгін, 13:37
Оңтүстік Корея президентіне бүлік жасағаны үшін ресми айып тағылды
Фото: Hannah McKay/Getty Images

Мазмұны

    Оңтүстік Кореяның уақытша қызметінен шеттетілген президенті Юн Сок Ельге қарсы прокурорлар ресми түрде айып тақты. Taulik.kz порталының CNN арнасына сілтеме жасап хабарлауынша, оған бүлік жасады деген айып тағылып отыр.

    Прокурорлардың мәлімдеуінше, айыптау өткен жексенбі күні кешке жарияланған. Осылайша, Юн Сок Ель президенттік мерзімінде қылмыстық айып тағылған алғашқы Оңтүстік Корея президенті атанып отыр. Тергеу барысында жиналған дәлелдер президенттің қамауға алу ордеріне қандай да бір өзгерістер енгізуді қажет етпейді, делінген ресми хабарламада.

    Парламенттік тыңдаулар кезінде армия командирлері елде әскери жағдай енгізілген кезде заң шығарушыларды парламент ғимаратынан күштеп шығару туралы тікелей бұйрық алғанын мәлімдеді. Алайда, Юн бұл айыптауларды жоққа шығаруда.

    Тергеу мәліметтеріне сәйкес, әскери жағдай жарияланғаннан кейін Юн Сок Ель Ұлттық барлау қызметі басшысының орынбасары Хон Чан Вонға оппозиция жетекшісі де бар 14 саяси және заң қайраткерін тұтқындау туралы тапсырма берген. Сондай-ақ, президент барлау қызметіне қажетті ресурстармен қолдау көрсетуге уәде еткен.

    Юн Сок Ельдің адвокаттары айыптауларды "тарихи қателік" деп атап, әскери жағдай енгізуді бүлік ретінде қарастыруға болмайтынын мәлімдеді. Алдағы уақытта президент екі сот процесінен өтпек: бірі – Конституциялық соттағы импичмент ісі, екіншісі – қылмыстық іс. Егер ол бүлікке жетекшілік еткені үшін кінәлі деп танылса, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін. Алайда, Оңтүстік Кореяда соңғы бірнеше онжылдықта өлім жазасы орындалмаған.

    Оңтүстік Корея заңдары бойынша, президент қылмыстық қудалаудан белгілі бір иммунитетке ие болғанымен, бұл артықшылық бүлік немесе мемлекетке опасыздық жасау істеріне қолданылмайды.

    Юн Сок Ельден бөлек, бұрынғы қорғаныс министрі, бірқатар әскери қолбасшылар мен полиция басшылары да тергеуге алынды. Бұған дейін сот президентке қатысты қамауға алу туралы екінші ордерді берген еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство оның қамауға алынғанын растады.

    Зере ДАСТАН,

    "Тұран" университеті

    Журналистика факультетінің 4 курс студенті.

    user

    taulik

    taulik.kz - тәулік бойы ақпарат тарату алаңы