Махачкалада елдің жүрегін елжіреткен ерекше оқиға өз мәресіне жетті. Көпшілік «дагестандық Хатико» деп атаған Рыжик есімді мысық өлді. Оның тағдыры, шынайы адалдығы мен иесіне деген махаббаты көп жанның жүрегіне терең әсер етті.
Рыжиктің хикаясы иесінің қайтыс болуынан басталды. Ол иесін соңғы сапарға шығарып салған күннен бастап, жеті жыл бойы зираттан алыстамай, сол жерде өмір сүрді. Қыстың аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, Рыжик сол бір орнына берік болып, күн сайын иесінің бейітіне барып отырған. Бұл уақыт аралығында қала тұрғындары оны танып, тамақ пен қамқорлық көрсетіп отырғанымен, ол бір де бір рет басқа жерге кетпеген.
Кейінірек бұл ерекше мысық туралы ақпарат желіде кең тарап, белсенділер мен жанашыр адамдар Рыжикті Санкт-Петербургке жеткізіп, ем-дом жасауды қолға алды. Қажетті медициналық процедуралар жүргізіліп, анализдер де оң нәтиже көрсетіп жатты. Рыжикке жаңа үй де табылып, ол сонда қоныс аударуға дайындалып жатқан еді.
Алайда, өкінішке қарай, жеті жыл бойы суық топырақта отыру салдарынан оның ішкі ағзалары қатты зақымданып, дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, мысықты құтқарып қалу мүмкін болмады.
Рыжиктің прахы жақын күндері Дагестанға жеткізіліп, иесінің жанына қойылатын болады. Бұл шешім – оның адалдығы мен сүйіспеншілігіне көрсетілген құрмет.
Рыжиктің хикаясы — адалдықтың, жануарлардың шынайы сезімінің жарқын мысалы. Ол иесіне деген махаббатын сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Хатико секілді иттер туралы хикаяларды жиі естиміз, бірақ мысықтардың да осындай жанкешті сүйіспеншілікке қабілетті екенін Рыжик дәлелдеді.