Қытай Капшагай жағалауына қол жеткізді. Су қоймасы жағасындағы жер телімі қытайлық қатысы бар жеке компанияның меншігіне берілді. Shishkin_like редакциясының журналистері құрылыс жұмыстары бір жылдан бері жүріп жатқанына назар аударды, алайда нысанның төлқұжаты әлі күнге дейін жоқ.
Bes.Media мәліметінше, бұл учаскеде қытайлық компания ойын-сауық саябағын салып жатыр. Құрылыс жұмыстары екінші жыл қатарынан жалғасуда, бірақ заң бойынша міндетті саналатын нысан төлқұжаты әлі күнге дейін ілінбеген.
Кадастрлық деректерге сүйенсек, жер телімі «Қазақстандық коммерциялық инвестициялық компания Жібек Жолы» ЖШС-нің жеке меншігінде. Компания 2021 жылдан бері шамамен 250 млн теңге салық төлеген. Оның құрылтайшысы – Қытайда тіркелген «На Ла Жуй Цзе бизнесті басқару жөніндегі Синьцзян компаниясы» ЖШС. Аталған құрылтайшы туралы қазақстандық бизнес-реестрлерде ақпарат жоқ.
Аталған аумақ бастапқыда Қонаев қаласының меншігінде болған. Кейін «Жібек Жолы» компаниясына жер телімі басқа бір жер телімімен айырбас негізінде берілгені белгілі болды. Бұған дейін компания қала ішінде жерге иелік еткен, алайда ол телім қалалық қажеттіліктер үшін қайтарылып алынып, орнына Капшагай су қоймасынан жаңа жер ұсынылған. Жер комиссиясының шешімі негізінде, Қонаев қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 27 наурыздағы қаулысымен жер телімі жаңа меншік иесіне берілді.
Заңгерлер не дейді?
Заңгер Пётр Кодаш бұл мәміленің заңдылығына күмән келтіреді. Оның айтуынша, шетелдік заңды тұлғалардың су қорғау аймақтарында жерге иелік етуіне Жер кодексі бойынша тыйым салынған. Сонымен қатар, Су кодексіне сәйкес, мұндай аймақтарда арнайы рұқсатсыз құрылыс жүргізуге де болмайды.
Су ресурстары министрлігінің мәліметіне сүйенсек, даулы учаске Капшагай су қоймасының су қорғау аймағында орналасқан, және судан қашықтығы небәрі 65–70 метрді құрайды.
Кодаштың пікірінше, жер телімін шетелдік құрылтайшысы бар компанияға беру кезінде Су ресурстары және экология органдарымен қажетті келісімдер алынбаған. Жер айналымы шектеулі санатқа жататындықтан, мәміленің заңдылығы сотта даулауға жатады.