logo
search
menu

«Гидеонның арбалары»: Израиль Газаны жоқ қылып жібермек пе?

Израиль Газа секторында «Гидеонның арбалары» атты жаңа әскери операцияны бастады. 

Бүгін, 16:50
«Гидеонның арбалары»: Израиль Газаны жоқ қылып жібермек пе?
Фото: ашық дереккөз

Мазмұны

    2025 жылдың 17 мамырында Израиль Қорғаныс күштері (IDF) Газа секторында «Гидеонның арбалары» («Chariots of Gideon») деп аталатын жаңа әскери операцияны бастағанын ресми түрде жариялады. Бұл – Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстың жаңа, қарқынды фазасы болып отыр. Жаңа әскери әрекеттердің мақсаты – ХАМАС ұйымының қалған әскери және әкімшілік құрылымдарын жою және соғыс басталғаннан бері тұтқында отырған израильдік азаматтарды босату.

    Израиль армиясының өкілі Даниэль Хагари «Гидеонның арбалары» операциясы бірнеше кезеңнен тұратынын атап өтті. Бірінші кезеңде – тактикалық дайындық пен нысандарға әуе соққылары, екінші кезең – бейбіт тұрғындарды оңтүстікке көшіру, ал үшінші – Газадағы стратегиялық аудандарда жер үсті маневрлері жүзеге асады (The Guardian).

    Операция басталған алғашқы күннің өзінде Газа аумағында 150-ден астам адам қаза тапқан, 450-ден астамы жараланған. Бұл деректі Палестина денсаулық сақтау министрлігі жариялады. Израиль әскерінің жаяу бөлімдері Хан-Юнис және Рафах қалаларының маңына шоғырлануда. Әуе шабуылдары Газадағы туннель жүйелері мен әскери логистикаға бағытталған. Израиль жағы бұл әрекеттерін өзін-өзі қорғау құқығы деп түсіндіруде.

    Бірақ халықаралық қауымдастық бұған күмәнмен қарап отыр. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Волкер Тюрк Израильдің бұл қимылын «этникалық тазарту» деп атап, қатты сынға алды. Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш барлық тараптарды атысты тоқтатуға шақырды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Испания премьер-министрі Педро Санчес те қақтығысты дереу тоқтатуды талап етті (The Guardian).

    АҚШ пен Ұлыбритания бастапқыда Израильдің өзін қорғау құқығын қолдаса да, соңғы апталарда гуманитарлық жағдайдың нашарлауына байланысты Израильге қысым күшейіп келеді. Алайда Нетаньяху үкіметі ішкі сынға қарамастан, операцияны жалғастыра беретінін мәлімдеді.

    «Гидеонның арбалары» – жай ғана әскери операция емес. Бұл – Таяу Шығыстағы геосаяси тепе-теңдікке әсер ететін шешімдердің бірі. Оның салдары аймақтық тұрақтылыққа, гуманитарлық ахуалға және халықаралық саясатқа тікелей ықпал етеді.

    user

    taulik

    taulik.kz - тәулік бойы ақпарат тарату алаңы