Сот барысында Шерзаттың анасы айыпталушыларға ең қатаң жаза – өмір бойына немесе 20 жылдан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
«Мен мұндай қайғы ешкімнің басына түспесін, ешбір ана мен секілді жыламасын деймін. Сот әділетті үкім шығарады деп үміттенемін. Өмір бойына, кемі 20 жылдан жоғары жаза берілсін, бұл басқаларға сабақ болсын, ертең біреудің тағы бір баласына мұндай қайталанбас үшін», – деп оқыды Шерзаттың анасының сөзін адвокат Мейірман Шекеев.
Үндеуде айыпталушылардың жедел жәрдем шақырмағаны, ал бұл Шерзаттың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берер еді деген де айтылған.
«Егер олар жедел жәрдемді уақытында шақырғанда, Шерзат аман қалар еді», – делінген үндеуде.
Сондай-ақ, Шерзаттың анасы айыпталушылардың дүкенге қаруланып келгенін, ал Нұрқанат Қайыпбаев (Шерзаттың ағасы) қаруды өзін қорғау мақсатында қолданғанын атап өтті.
«Бейнежазбадан айыпталушылардың жәбірленушілерді қуып жүргені анық көрінеді. Бұл – өзін-өзі қорғау емес, бұл – шабуыл. Олар топтасып, күш біріктіріп шабуыл жасады. Бұл – топ болып жасалған қасақана әрекет деп есептейміз», – делінген үндеуде.
Мәтінде сонымен қатар, оқиға орнына ешкім араша түспегені және айыпталушылар Шерзаттың анасы мен әжесінің көзінше қасақана соққы жасағаны көрсетілген.
«Олар баланы және Қайыпбаевты қатыгездікпен соққылауды жалғастырды. Анасының көзінше топ болып жабыла кетті. Олар мұны куәлардың көзінше жасап жатқанын да ойламады, қорықпады. (...) Олар тек екі адамды ғана емес, бүтін бір отбасын өлтірді», – делінген.
Шерзаттың анасы айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін, ал олардың әрекеті ерекше қатыгездікпен, топтасып жасалған қылмыс екенін баса айтты.
«Олар Шерзаттың пышақ жарақатын алғаннан кейін қашқанын көріп тұрды. Ол 60 метрге дейін жүгіріп барды, бірақ олар бәрібір соңынан қуып барып, өлтіруге тырысты», – деп көрсетілген үндеуде.
Сот отырысы барысында жәбірленушілердің адвокаты моральдық шығынды өтеу туралы өтінішті толық қанағаттандыру және кәмелетке толмаған айыпталушы Д.Ы.-ға кешірім беру мәселесін де еске салды.