logo
search
menu
Жеті бірдей журналист 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды
Фото: корреспондент "Кавказского узла"

Жеті бірдей журналист 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды

БАКУ. Әзербайжанда тәуелсіз журналистикамен айналысқан жеті адам әртүрлі мерзімге сотталды. Олардың алтауы — жемқорлық фактілерін әшкерелеп келген Abzas Media редакциясымен байланысты, ал біреуі — «Азаттық радиосының» журналисі. Бұл туралы BBC мәлімдеді.

Сот үкімі бойынша:

Abzas Media директоры Ульви Гасанов, бас редактор Севиндж Вагифгызы, зерттеуші журналист Хафиз Бабалы, экономист және журналист Фарид Мехрализаде — әрқайсысы 9 жылға сотталды;

репортерлер Наргиз Абсаламова мен Эльнара Гасымова — 8 жылға;

басылымның орынбасары Махаммад Кекалов — 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Суретте сотталған журналистер. Фото: ашық дереккөздегі коллаж.

Айыптау: журналистерге «контрабанда» және басқа да экономикалық сипаттағы қылмыстар тағылған. Алайда құқық қорғаушылар бұл істі саяси астары бар деп есептейді. Сотталғандардың барлығы да өздеріне тағылған айыпты мойындамай отыр.

Контекст: Abzas Media соңғы жылдары президент Ильхам Әлиев пен оның жақын айналасындағы шенеуніктердің мүлік, бизнес пен мемлекеттік жобалардағы ықпалын зерттеген. Атап айтқанда, олар «ақылды ауыл» жобасының артында президент көмекшісінің туысы тұрғанын әшкерелеген еді.

2022 жылы Әзербайжан билігі шетелдік қаржыландыру алған медиа ұйымдарды заңсыз деп танып, жаңа шектеулер енгізген. Президент Әлиев бұны елдің ақпараттық егемендігін сақтау мақсатында жасалғанын айтқан.

Реакция және халықаралық сын

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл журналистерді «саяси тұтқындар» деп таниды. Олардың айтуынша, Әзербайжанда саяси себеппен түрмеге қамалғандардың саны соңғы жылдары 100-ден 375 адамға дейін көбейген.

Сонымен қатар, Баку билігі BBC, «Голос Америки», БҰҰ, Қызыл Крест секілді шетелдік ұйымдардың бөлімшелерін елден шығарып жіберді.

Еуроодақтың ұстанымы сынға ұшырады

Әзербайжанның Еуроодақпен энергетикалық серіктестігі де сынға алынды. 2022 жылы Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен ЕО сыртқы саясат жетекшісі Кая Каллас Бакуге ресми сапармен келіп, Әзербайжанды «сенімді серіктес» деп атаған болатын. Бірақ адам құқығы мәселесі бұл кездесулерде талқыланбады.

Осыған байланысты Еуропарламент 2024 жылы арнайы резолюция қабылдап, ЕО-ны Әзербайжан газынан бас тартуға шақырды.