Иранның рухани жетекшісі Хаменеи үш адамды мұрагер ретінде дайындаған
Иранның Жоғарғы рухани жетекшісі аятолла Али Хаменеи өзінің қайтыс болуы немесе қастандықпен өлтірілуі ықтималдығына байланысты үш діни тұлғаны мұрагер ретінде Ассамблея сарапшыларына ұсынды. Бұл туралы The New York Times хабарлайды.
86 жастағы Хаменеи Израильмен шиеленісіп жатқан геосаяси ахуал аясында билікті жүйелі түрде және жылдам табыстау үшін осындай шешім қабылдаған. Аталған үміткерлердің есімдері ашық жарияланбады, бірақ олар діни элита өкілдерінен құралған.
Бұдан бөлек, Хаменеи жоғарғы әскери шенеуніктері қаза тапқан жағдайда олардың орнын басатын баламалы командалық тізбекті де анықтап қойған. Бұл — Иранның қорғаныс және басқару жүйесінде үздіксіздікті қамтамасыз етуге бағытталған алдын ала шаралар.
Аятолла Хаменеи Иранда бар билікті қолында ұстап отыр. Оған заң шығарушы, атқарушы және сот билігі, сондай-ақ қарулы күштерді басқару міндеті жүктелген. Жоғарғы көшбасшы ретінде ол елдің ішкі және сыртқы саясатына түбегейлі әсер етеді.