Халық қалаулылары қыркүйекке дейін жазғы каникулға шықты
Астанада Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында Қазақстан Парламентінің сегізінші шақырылымының үшінші сессиясы ресми түрде жабылды. Енді депутаттар жазғы каникулға шығып, қыркүйекке дейін өңірлерде жұмыс істейді.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сессия қорытындысын жариялап, депутаттардың бұл кезеңде 158 заң жобасын қарап, оның 89-ын қабылдағанын мәлімдеді. Қабылданған негізгі құжаттардың қатарында амнистия туралы заң, Қылмыстық және Салық кодекстеріне өзгерістер, сондай-ақ МӘМС жүйесіне қатысты түзетулер бар.
Қошановтың айтуынша, Парламент Президент бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар аясында жұмыс істеп, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасындағы маңызды міндеттердің басым бөлігін орындаған.
Күзде депутаттар Құрылыс кодексін, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банк саласы, құқықбұзушылықтың алдын алу секілді өзекті салалар бойынша жаңа заң жобаларын талқылауға кіріседі.
Каникул кезінде халық қалаулылары өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесулер өткізеді деп жоспарлануда.