Әзербайжанда ресейлік ФСБ агенттері ұсталды: олар редакцияда жұмыс істеген
Бүгін таңертеңнен бастап Әзербайжан Ішкі істер министрлігі Ресейдің "Россия сегодня" мемлекеттік агенттігінің бөлімшесі саналатын Sputnik Азербайжан ақпарат агенттігінің Баку қаласындағы кеңсесінде арнайы операцияжүргізді. Бұл туралы APA агенттігі хабарлады.
Операция барысында Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) екі қызметкері ұсталды. Олар агенттік редакциясында жұмыс істеген.
Айта кетейік, 2024 жылдың ақпан айында Әзербайжан билігі Sputnik Азербайжан агенттігінің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл қадам шетелдік журналистер мен Әзербайжанның мемлекеттік БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне тең мүмкіндік жасау мақсатында қабылданған.
Билік өкілдері бұл шешім AZERTAC агенттігінің Ресейдегі қызметкерлерінің санына тең болу үшін қабылданғанын мәлімдеген. Алайда осы уақытқа дейін Sputnik Азербайжан редакциясы мен ұжымы өз қызметін тоқтатпаған.
Осы жағдайға байланысты жүргізілген операция аясында нақты қандай шаралар қабылданатыны алдағы уақытта белгілі болады. Әзербайжан билігі ел аумағында заңсыз ақпараттық ықпал жасау әрекеттеріне қарсы күрестіжалғастыруға ниетті.