Қазақстан мұнайын тиеген танкерде жарылыс болды
Ливия жағалауында Vilamoura танкерінде жарылыс болды. Бұл кеме Ресей порттарына екі рет тоқтап, Қазақстаннан экспортталған мұнайды тасымалдаған. Оқиға кезінде танкерде шамамен 1 миллион баррель мұнай болған.
Жарылыстың салдарынан кеме су қабылдап, машиналық бөлімі толығымен су астында қалған. Бұл туралы TMS Tankers компаниясының өкілі мәлімдеді. Қазір танкер Грекияға сүйретіліп барады, онда келгеннен кейін зақым деңгейі толық бағаланбақ.
Қазақстан мұнайын тиеп, Ресей порттарынан шыққан
Bloomberg агенттігінің дерегінше, Vilamoura танкері сәуір және мамыр айларында Қазақстан мұнайын тиеу үшін Ресейдің Усть-Луга және Каспий құбыр консорциумы (КТК) терминалдарына тоқтаған. Мұндай танкерлер Қазақстан мұнайын әлем нарығына жеткізудің маңызды арнасы саналады.
Соңғы айларда күдікті жарылыстар көбейген
Сарапшылар соңғы айларда Ресей порттарынан шыққан мұнай тасымалдаушы танкерлерде бірқатар түсініксіз жарылыстар болғанын айтады. Осыдан кейін кеме иелері қауіпсіздік шараларын күшейтіп, су астындағы корпусты арнайы техникалар және сүңгуірлер көмегімен тексеруді бастады. Қазіргі жарылыстың нақты себебі әзірге белгісіз.