logo
search
menu
Экс-вице-министр Ақмәди Сарбасов ұсталды – министрлік растады
Фото: ашық дереккөз

Экс-вице-министр Ақмәди Сарбасов ұсталды – министрлік растады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі экс-вице-министр, қазіргі таңда «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті қызметін атқарып жүрген Ақмәди Сарбасовтың ұсталғанын растады. Бұл туралы Orda.kz сайтын сілтеме жасап Taulik.kz хабарлайды. 

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысының ұсталғаны туралы ақпаратты растайды. Министрлік тергеу органдарына қолданыстағы тәртіпке сәйкес қажетті көмек көрсетіп жатыр. Тергеу барысына қатысты барлық сұрақтар уәкілетті органдардың құзырында», – делінген министрлік таратқан ресми мәлімдемеде.

Айта кетейік, Ақмәди Сарбасов осы орталықтың президенті қызметіне бірнеше ай бұрын ғана тағайындалған болатын. Бұған дейін ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта ұсталу себептері мен тергеу барысы жайлы нақты ақпарат жарияланған жоқ.