logo
search
menu
Экология министрлігі киелі киіктердің 20 пайызын қырып тастамақ
Фото: ашық дереккөз

Экология министрлігі киелі киіктердің 20 пайызын қырып тастамақ

Қазақстанда киік саны күрт өсіп, фермерлерге зиян келтіріп жатқандықтан, олардың санын азайту бойынша шаралар қабылдануда. Бұл туралы ҚР Экология министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді. Министрдің айтуынша, соңғы көктемгі есеп бойынша Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 3,9 миллион басты құраған. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысындағы популяция – 2,3 млн, Бетпақдала – 1,6 млн, ал Үстірттегі шағын популяция – 78 мың бас.

Ғылыми негіздемеге сүйене отырып, 20%-ын – шамамен 800 мың бас киікті табиғаттан алу көзделіп отыр. Ерекше назар бөлінген мәселе – олардың жыныстық және жас ерекшелігі. Министрдің айтуынша, алынатын аңдардың 40%-ы – аталық, 40%-ы – аналық, ал қалған 20%-ы – бір жасқа толмаған төлдер.

Ауқымды реттеу жұмыстары басталар алдында киік етін өңдеу мәселесі де көтерілді. Нысанбаевтың мәлімдеуінше, өңдеуді қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктермен бірлесіп инвестициялық жобалар пысықталып жатыр. Бүгінде кемінде алты компания киік етін өңдейтін жаңа ет комбинаттарын салуға дайын екендіктерін білдірген. Бұған дейін елдегі 25 ет комбинатының 13-і киікетін өңдеуге дайын екенін мәлімдеген.

Алайда бұл оңай шаруа емес. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёвтің айтуынша, зауыттардың тиімді жұмыс істеуі үшін күніне кемі 3700 бас киікті өңдеу қажет. Оның пікірінше, бұл көлемді қазіргі кәсіпорындар игере ала ма – белгісіз.

Депутаттар мен экологтар бұл шешімді мәжбүрлі деп отыр. Киіктердің көбейіп кетуі салдарынан еліміздің Батыс, Солтүстік және Орталық аймақтарындағы фермерлер егін мен мал жайылымдарынан айырылып, шығынға батып отыр. Кейбір өңірлерде сайғақтар тіпті індет тарату қаупін тудырып, эпизоотия қаупін күшейтіп отыр.

Айта кетейік, осы реттеу жұмыстары алдында 1,8 млрд теңге мониторинг пен биологиялық негіздемеге бөлініп, авиациялық шолулар мен миграция бағыттарын зерттеу жұмыстары жүргізілген.

Үкімет бұл шаралар тек уақытша екендігін, сайғақ популяциясының табиғи балансын сақтау мақсатында қабылданып жатқанын алға тартуда. Ал зооқорғаушылар мен халықаралық ұйымдар бұл процесті мұқият бақылауға алуға шақырып отыр.