61 жасында қолына фотоаппарат алған әже қазір әлемдегі үздіктердің бірі
Зейнетке шыққаннан кейін фотоаппарат ұстаған Мишель Джексон бүгінде халықаралық марапатқа ие фотограф. Бұл шабытты оқиға сізді бейжай қалдырмайды.
Мишель Джексон – Ұлыбританияның табиғатын объектив арқылы қайта ашқан, 66 жастағы табысты табиғат фотографы. Ол фотоаппаратты алғаш рет 61 жасында қолына алған. Бұған дейін теміржол саласында инженер болған әйел бүгінде жабайы табиғат көріністерін түсіріп, ұлттық және халықаралық деңгейде марапаттарға ие болып жүр.
Зейнетке шығу – жаңа өмірдің бастауы
Мишель еңбек жолын 1978 жылы бастады. Ол — British Rail компаниясына инженер-конструктор болып қабылданған алғашқы екі әйелдің бірі. Өзінің «техникалық баласы» деп атайтын British Rail Class 91 электровозының жобасында жұмыс істеді. Кейінірек Сиднейге көшіп, бірнеше жыл бойы отбасы мен жұмыс арасында тепе-теңдік табуға тырысты.

Алайда 56 жасында, есту қабілетінің нашарлауына байланысты жұмыстан кетуге мәжбүр болды. «Жиындар мен отырыстарда айтылғандарды естімей қалу – мені де, ұйымды да ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін еді», – дейді ол.
Фотоаппаратпен алғаш кездесу
2018 жылы Англияға оралғаннан кейін Мишель өзін жаңа ортада тапты. «Күнделікті хаттар саны 550-ден 50-ге азайды, оның ішінде 20-сы ғана маңызды. Маған ойымды сергітетін жаңа іс қажет болды», – дейді ол.
Бір жылдан кейін, 61 жасында, ол өз өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірін қабылдады – алғашқы кәсіби фотоаппаратты сатып алды. Алдымен жаяу жүргіншілер тобына қосылып, табиғат аясында суретке түсіруді бастады. COVID пандемиясы кезінде үй жағдайында натюрморттар, гүлдер мен үй жануарларын түсіруге машықтанып, онлайн курс арқылы Photoshop пен фототүсірілімнің терең қырларын меңгерді.
Инженерлік ойлау мен көркемдік көзқарастың тоғысуы
Мишель өзінің Instagram парақшасында "Emmabrooke" деген бүркеншік атпен жариялайды. «Инженерлік салада мені жиі “Майкл” деп атайтын, сондықтан бейтарап ат қолдануды жөн көрдім», – дейді ол.
Фотографияда да ол инженер ретінде ойлайды: «Барлығын қолмен баптаймын. Автоматты режимге сенбеймін. Кадрды алдын ала елестетемін». Мишель бірнеше сағат бойы күтіп жүріп, құстардың басы жүрек формасына айналған сәтін түсіргенін еске алады. «Егер сіз бір сезімнен айырылсаңыз, басқа сезімдеріңіз күшейе түседі. Менде – көру қабілеті ерекше дамыды», – дейді ол.
Ұлыбритания табиғатына деген сүйіспеншілік
Қазір ол аптасына 20 сағаттан артық уақытын далада өткізеді. Барсук, қысқұтандар, самырсын шымшықтары секілді жануарларды түсіру – оның басты қызығушылығы. «Әрбір кадр – тосын сәт. Егер шынымен іздесең, табиғат саған жауап береді», – дейді Мишель.
Ол жуырда Фотографтар гильдиясының “Шебер-фотограф” атағын алуға дайындалып жатыр. Бұған дейін Ұлыбританияның Корольдік Фотография Қоғамынан “жас фотограф” деңгейін алған.