logo
search
menu
Украинада қаза болғандар туралы БҰҰ дерегі жарияланды
Фото: коллаж Taulik.kz

Украинада қаза болғандар туралы БҰҰ дерегі жарияланды

БҰҰ-ның Украинадағы Адам құқықтары жөніндегі бақылау миссиясы маусым айындағы азаматтық шығындар туралы есебін жариялады. Есепке сәйкес, 2024 жылдың маусымында Украинада 232 бейбіт тұрғынның қаза тапқаны және 1343 адамның жараланғаны расталған. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәуірінен бергі ең жоғарғы деңгей болып отыр.

БҰҰ миссиясы Ресей басып алған аумақтарға қол жеткізе алмағандықтан, бұл есептерде ол аймақтардағы қаза тапқандар саны қамтылмаған. Ұйым Украинадағы азаматтық шығынның толық көлемін білмейтінін атап өтті. Жалпы алғанда, миссия толық масштабты соғыс басталғалы бері 13 500-ден астам бейбіт тұрғынның қаза болғанын тіркеген. Алайда AFP агенттігінің хабарлауынша, «азаматтық халыққа келген нақты залал бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін».

БҰҰ миссиясы қаза тапқандар санының артуын Ресей тарапынан ұшқышсыз аппараттар мен зымыран шабуылдарының күшеюімен байланыстырады.

«Ел аумағына ұзақ қашықтыққа бағытталған дрондар мен зымырандардың соққысы майдан шебінен алыстағы бейбіт халық арасында өлім мен қирауды арттырды», — деді миссия басшысы Даниэль Белл AFP-ке берген пікірінде.

Ресей билігі бейбіт тұрғындарға соққы жасалмағанын мәлімдеп, Украинадағы азаматтардың қазасына өзінің қатысы барын жоққа шығарып келеді.