АҚШ пен Қытайды артта қалдырған қазақтың жас ғалымдары
2025 жылдың 5–14 шілдесі аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Химия пәні бойынша халықаралық олимпиадада (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) Қазақстан құрамасы жарқын жеңіске жетті. 93 елден 360-тан астам оқушы бақ сынаған беделді білім сайысында қазақстандықтар екі алтын, екі күміс медаль жеңіп алып, әлемнің үздік жас химиктері екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Алтын медаль иегерлері:
Кирилл Ким, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Астана, 12-сынып
Абылай Қабдолхадыр, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Астана, 12-сынып
Күміс медаль иегерлері:
Еңлік Бақытбекова, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Алматы, 12-сынып
Аңсар Жақсылықов, «Білім-инновация» лицейі, Ақтөбе облысы, 10-сынып
Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткендер:
Санжар Бегдәуір — KAIST (Оңтүстік Корея) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы
Ринат Ілүсізов — халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпазы
Олимпиадаға дайындық пен қатысу ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен жүзеге асқан. Команда бұған дейін де еуропалық және халықаралық жарыстарда 100% нәтижемен көзге түскен болатын.
Анықтама үшін: IChO — әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың бірі. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл жарыстардың жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы қарастырылған:
Алтын медаль — 1500 АЕК
Күміс медаль — 1000 АЕК
Қола медаль — 500 АЕК
Сондай-ақ, оқушыларды дайындаған жетекшілер де ынталандырылады.
Айта кетейік, 2024 жылы өткен IChO олимпиадасында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын.