logo
search
menu
92 жастағы Камерун президенті Поль Бийя тағы сайлауға түспек
Фото: svoboda.org

92 жастағы Камерун президенті Поль Бийя тағы сайлауға түспек

Камерунды 43 жыл басқарған Поль Бийя биыл 12 қазанда өтетін президенттік сайлауға тағы да түсетінін мәлімдеді. 92 жастағы мемлекет басшысы бұл шешімін әлеуметтік желі арқылы жариялап, «Халқыма қызмет етуге деген жігерім – ел алдындағы жаңа сын-қатерлердің өзектілігімен байланысты» деп жазды.

Бийя Камерунды 1982 жылдан бері басқарып келеді. 2008 жылы ол президенттік мерзімнің шектеулерін алып тастап, билікте қала беру мүмкіндігін заң жүзінде бекіткен еді. 2018 жылғы сайлауда ол 71 пайыз дауыс жинады, алайда бұл сайлау кең көлемдегі заңбұзушылықтармен және оппозицияның наразылығымен есте қалды.

Егер Бийя биылғы сайлауда тағы жеңіске жетсе, ол 2030 жылға дейін билікте қала алады және бұл оны ғасырлық мерейтойына дейін мемлекет басқаруға жақындатады. Қазіргі таңда ол — әлем бойынша ең ұзақ қызмет атқарып келе жатқан мемлекет басшыларының бірі. Бірінші орында — Экваториалдық Гвинея президенті Теодоро Обианг Нгема Мбасого. Ал үздік ондыққа Беларусь президенті Александр Лукашенко (31 жыл), Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (31 жыл) және Ресей президенті Владимир Путин (21 жыл) де кіреді.

Камерундағы саяси жағдай мен Бийяның денсаулығына қатысты алаңдаушылықтар үнемі айтылып келеді, алайда елде шынайы саяси балама қалыптаса қойған жоқ.