Қазақстаннан ресейлік компаниялар жаппай кетіп жатыр
Қазақстанда тіркелген ресейлік компаниялар саны 2025 жылдың екінші тоқсанында айтарлықтай қысқарды. Бірінші кредиттік бюроның деректеріне сүйенсек, сәуір мен шілде айлары аралығында еліміздегі ресейлік құрылтайшылары бар ұйымдар саны 728-ге кеміген.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 17,6 мың ресейлік компания тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың 1 сәуірінде тіркелген 19,7 мың компаниямен салыстырғанда 2,1 мыңға аз.
Аналитиктердің айтуынша, бұл — қатарынан бесінші тоқсанда тіркелген теріс динамика және әлі де жалғасып жатыр. Бұған дейінгі ең үлкен төмендеу алты жыл бұрын тіркелген. Сарапшылар 2022 жылғы ресейлік бизнес-миграцияның қарқынды өсуінен кейін, жағдай бұрынғы деңгейіне қайта оралып жатқанын айтады.
Ең көп қысқарған салалар — сауда мен IT
Ресейлік бизнес өкілдерінің Қазақстан нарығынан кетуі барлық салаларда байқалады. Алайда ең көп қысқару сауда және ақпараттық технологиялар саласында тіркелген.
Дегенмен, Ресей әлі де Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялар саны бойынша бірінші орында. Екінші орында — Өзбекстан, үшінші орында — Қытай.
2025 жылдың екінші тоқсанында:
Өзбекстаннан тіркелген компаниялар саны 527-ге артты (жалпы саны — 5,4 мың),
Қытай компаниялары 503-ке көбейді (жалпы саны — 4,5 мың).
Жалпы шетелдік қатысумен ашылған компаниялар азайды
Сарапшылардың есебінше, жалпы алғанда шетелдік капиталы бар компаниялар саны да екінші тоқсанда 254-ке азайып, 44,7 мың ұйымды құраған.
Бұл жағдай Қазақстандағы шетелдік бизнестің құрылымы мен географиясында өзгерістер жүріп жатқанын көрсетеді. Сарапшылар мұны геосаяси тәуекелдермен, санкциялық қысыммен және қазақстандық реттеуші саясаттың қатаюымен байланыстырады.