logo
search
menu
Макрон әйелінің еркек емес екенін айтып, сотқа жүгінді
Фото: Ашық дереккөз

Макрон әйелінің еркек емес екенін айтып, сотқа жүгінді

Франция президенті Эммануэль Макрон мен оның жұбайы Брижит Макрон америкалық журналист Кэндис Оуэнсті жала жапты деп айыптап, АҚШ-тың Делавэр штатындағы сотқа ресми шағым түсірді. Бұл туралы Financial Times агенттігі 22 шілдеде хабарлады.

Макрондар берген 218 беттен тұратын талап-арызда Кэндис Оуэнс YouTube арнасында жариялаған «Становясь Брижит» атты бейнесериясында Брижит Макрон ер адам болып дүниеге келген, оның шын есімі Жан-Мишель Троньё деп негізсіз, өтірік және жала сипатындағы ақпарат таратқаны жазылған. Сонымен қатар ол Эммануэль мен Брижит Макрондар бір-біріне туыстық қатынаста деп мәлімдеген.

Макрондардың мәлімдеуінше, Кэндис Оуэнс тарапынан таратылған бұл жалған ақпаратты бірнеше рет теріске шығару туралы талап қойылғанымен, журналист қасақана түрде оны қайта-қайта қайталап отырған.

«Ханым Оуэнс біздің заңгерлеріміздің әрбір ресми өтінішіне жауап ретінде сол жалған мәліметтерді қайта жариялаған соң, біз бұл істі сотқа жеткізуден басқа жол қалмады», – делінген Макрондардың атынан таратылған мәлімдемеде.

Сарапшылардың пікірінше, бұл — қазіргі қызметтегі мемлекет басшысының шетелдік интернет-журналистке қарсы тікелей арыз түсіруі бойынша сирек кездесетін жағдай. Алайда АҚШ-тың заңнамасы бойынша, қоғам алдында жүрген тұлғалар өздеріне қатысты жала жабу ісінде жалған ақпарат қасақана және арам ниетпен таратылғанын дәлелдеуі керек. Бұл талап істің күрделі болуына әкелуі мүмкін.

Айта кету керек, Брижит Макрон мұндай айыптауларға бұған дейін де тап болған. 2024 жылы да оның ер адам болып туғаны туралы жалған ақпаратқа байланысты сотта өзінің әйел екенін дәлелдеген.