logo
search
menu
Рахмоновтың жұбайы отырған көлік аударылды: 2 адам қайтыс болды
Фото: коллаж Taulik.kz

Рахмоновтың жұбайы отырған көлік аударылды: 2 адам қайтыс болды

Бүгін таңертең UFC жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова жол-көлік оқиғасына ұшырады. Қайғылы жағдай Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында, Алматы – Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында, Ақсуйек ауылының маңында болған.

HALYQSTAN тілшісінің мәліметінше, Гүлайым Рахмонова Қарағандыдан Алматыға қарай жолға шыққан. Жол талғамайтын Toyota Land Cruiser көлігінің тізгінінде өзі отырған. Алдын ала дерекке сәйкес, жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, автокөлік аударылып кеткен.

Оқиға салдарынан көлікте болған жолаушылардың бірі — 39 жастағы З.А. оқиға орнында, ал екінші жолаушы — 35 жастағы А.С. ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды.

Жол апатынан Рахмонова мен оның 2022 жылы туған ұлы зардап шекті. Олар Шу қалалық ауруханасынажеткізіліп, травматология бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауырлықта деп бағалап отыр.

“Операция қажет емес. Қазіргі таңда динамикалық бақылау жүргізілуде”, — деп хабарлады аурухана мамандары.

Қазіргі таңда оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің жол қозғалысы ережесін бұзу және абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбай отыр.