Парацетамол мен кетанолдан да адам өліп кетуі мүмкін — нейрохирург
Бір ғана кетанол секілді дәрілердің де адам өміріне зияны бар екенін біріміз білеміз, біріміз жоқ. Тіпті қарапайым деп тұмау болса іше беретін парацетамол да адам өмірін қиятынын білеміз бе?
Қазақстанға ғана емес, әлемге танымал, белді әрі беделді нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев Ruh Youtube арнасындағы сұхбатында күнделікті қолданып жүрген екі дәріге қатысты ел біле бермейтін, мән бермейтін маңызды мәселелерді айтты.
«Күнделікті ішіп жүрген парацетамолды алатын болсақ, оның инструкциясында жазылған, гепатотоксичный деп жазылған. Егер парацетамолды ұзақ ішетін болса адам, бауыр қатты зақым алады да, содан қайтыс болып кетуі мүмкін», — дейді Бердіқожаев.
Оның айтуынша, біз қолданып жүрген күнделікті дәрілердің нұсқаулықтары жазылған, алайда адамдар оған көп мән бере бермейді. Мәселен сондай дәрілердің бірі, кез келген жеріміз ауырса, бірден тұтынатын кетанол. Ол туралы Мыңжылқы Бердіқожаев былай дейді:
«Кетоналдың инструкциясында жазылған, әрбір 12 сағат сайын ішу керек және күніне екі реттен артық ішуге болмайды және оның үш күннен артық ішуге болмайды. Егер дәріхана барсаңыз, бір қорабында отыз не жүз данаған дейінгі мөлшерін береді», — деді нейрохирург.