Қазақстандықтарда енді жаңа паспорт болады: не өзгерді?
Қазақстанда ұлттық төлқұжаттың дизайны жаңартылып, оның беттерінде қар барысының бейнесі орналастырылады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Бауржан Аленов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Аленовтың айтуынша, ІІМ азаматтың басты құжаты — төлқұжатты қорғауды күшейту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі қазақстандық төлқұжат халықаралық стандарттарға сай және барлық қажетті қорғаныс элементтерімен жабдықталған. Дегенмен, қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында қосымша шаралар қолға алынған.
– Бүгінде қазақстандықтар визасыз 43 елге бара алады. Біз төлқұжаттың қорғаныс деңгейін арттыруға ниеттіміз. Қазір жаңа қауіпсіздік элементтерін енгізу жұмыстары жүріп жатыр, – деді министр.
Үкімет отырысында Аленов жаңартылған төлқұжат дизайнының таныстырылымын ұсынды. Слайдтардың бірінде төлқұжаттың жаңа нұсқасындағы графикалық элементтердің қатарында қар барысының силуэті бейнеленген.
Қар барысы — Қазақстанның маңызды ұлттық символдарының бірі. Ол гербте, спорт клубтарының логотиптерінде, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың рәміздерінде қолданылып келеді. Бұл бейненің төлқұжат дизайнына енуі елдің ұлттық болмысын және мәдени мұрасын айшықтайды.
Жаңартылған төлқұжат қашан шығады?
Қазіргі уақытта жаңа төлқұжатты енгізу мерзімі нақтыланбаған. Алайда ІІМ өзгерістер әзірге жобалау сатысында екенін хабарлады. Жаңартылған дизайн мен күшейтілген қорғаныс элементтері бар төлқұжат алдағы бірнеше жылда азаматтарға қолжетімді болады деп күтілуде.