Әкеге арналған тілек
Әкеге арналған тілекте сіздерге ешқандай жерден көшірілмеген, шынайы жүректен шыққан жүрек жарды сөздерді ұсынамыз.
Әке!
Жетіге келгенше жерден таяқ жеп, жиырмаға келгенше елден таяқ жеген кезімде қасқайып тұрып күтіп алған, менімен мақтанған, менің арманыма жетуіме іштей тілектес болып, ниеттес болып, барыңды салғаның үшін мың алғыс!
Сенің берілмейтін, басыңды тауға да, тасқа да соқсаң да отбасың үшін жаныңды беретініңді өзім әке болған кезде сезіп отырмын. Балалық, патша көңілмен ештеңе сезбеген екенмін. Тіпті бозбала, ер жетіп, ер азамат болған отызға дейінгі шағымда да ол нәрсеге ойланбаған екенмін. Ал қазір бәрі басқаша.
Әке!
Сенің әр кеш сайын жұмыстан келіп, ештеңе деместен маңдайдан иіскеп, жақсы көретініңді шешеме қарағанда тым суық жеткізетініңді білсем де, оның тереңде жатқан күйін сезінбеген екенмін. Сенің жолыңа қарап анам әрқашан қарайлатын еді. Бәріміз бірдеңе бола қалса, сені іздеп, сабылатын едік. Сен біз үшін кез келген нәрсені істей алатын, сатып ала алатын, жасай алатын бай да, сиқыршы да болған екенсің. Рақмет, саған әкешім!
Әке!
Бәлкім бұл тілекті жазып, айтып отырған кезде оқып көзіңе жас та аларсың. Жас демекші, сенің бір тамшы жасыңның жанарыңнан құлап түскенін көрген емеспін. Мен үшін мүлде жыламайтын, тасжүрек адамдай көрінуші едің. Алайда мұның бәрі іштегі шыдамның, іштегі жігердің, сенің табиғатыңның бар болмысы екенін енді ұқтым. Бәлкім, басыңа түскен қиындыққа жылағаныңда, біз бүгін осы дәрежеге жетпес пе едік, кім білсін...
Әке!
Мен үшін сіз ең бай, ең жомарт және ең батыр, ең сиқыршы адам болып қаласыз. Аман болыңыз!